Өмірбаян
МАНСАБЫНЫҢ БАСТАУЫ

Бейбіт 1983 жылы 19 тамызда Қазақстанда Шымкент қаласында дүниеге келген. Бала күнінде Бейбіт сүтпен уланған. Дәрігерлер баласының денсаулығына уайымдаған ата-анаға оның иммунитетінің әлсіздігіне байланысты ауыр физикалық жүктемелерге төтеп бере алмайтындығын айтқан. Алайда, бала Бейбіттің бақытына орай, дәрігерлердің «болжамдары» орындалмады. 6 жасында, мектеп табалдырығын аттағанға шейін Бейбіт спортпен айналыса бастады.

Бейбіттің жекпе-жек өнеріне деген махаббаты Брюс Ли түскен көптеген фильмдерді көргеннен кейін оянған. Бұл оның балалық шағында жиі ауратындығына қарамастан тэквандо, карате, реслинг, дзюдо және бокспен шұғылдануына себеп болды. Әсіресе бокс қатты ұнап, уақыт өте келе оның өмірлік мәніне айналды.

Күн сайын жаттығу залында техникалық дағдыларын жетілдіре отырып, заң факультетіндегі оқуын да қатар алып жүрді. Тіпті жергілікті соттың көмекшісі болып қызмет етті.

Бейбіттің бокс мансабындағы ең алғашқы маңызды жарысы 2003 жылы Үндістанда өткен. Тұңғыш Афро-Азиаттық Ойындарда ол күміс жүлдені еншіледі.

ОЛИМПИАДА ОЙЫНДАРЫ-2004

2004 жылы Филиппинде өткен бокстан Азия чемпионатындағы жеңісінің арқасында Бейбіт Афинадағы Олимпиада ойындарына қатысуға квалификация алды.

Олимпиаданың алғашқы кезеңінде польшалық Алексей Кузимскийді (37-22) жеңді. Әйткенмен қолын сындырып алғандықтан, жарыстан шығып қалды.

Кейін осы жарақатына байланысты бокстан 3 жылға бас тартуына тура келді.

KZ EVENT PRODUCTION

2007 жылы Бейбіт інісі Шыңғыспен бірлесе отырып Лас-Вегас қаласында KZ Event Productions, Inc бокс промоутерлік компаниясының негізін қалады. Аталған промоутерлік компанияның ерекшелігі америкалық комиссияның шетелдік жеке тұлғаға, яғни Бейбіт Шүменовке лицензия беруінде болып табылады.

Компанияның мақсаты – қазақстандық жас әрі дарынды боксшыларға кәсіби және жеке тұрғыда Қазақстан ғана емес, жалпы дүние жүзі бойынша шаршы алаңда және одан тыс дамуына көмектесу.

KZ Event Productions, Inc компаниясы Showtime, ESPN, Fox Sports Network, NBC Sports, Comcast қоса алғанда АҚШ пен өзге де 100-ден астам шетелдік ірі телевизиялық желілерде шоулар ұйымдастырады, сондай-ақ алдыңғы қатарлы әлемдік Oscar De La Hoya және Golden Boy Promotions сияқты алдыңғы қатарлы әлемдік промоутерлермен өзара байланыс орнатқан.

АЛҒАШҚЫ ЖЕҢІСТЕР

2007 жылы Бейбіт Лас-Вегас қаласында жаттыға бастады және тұңғыш рет кәсіби шаршы алаңға шықты.

Алғашқы жекпе-жек 2007 жылдың 17-ші қарашасында Солтүстік Каролинада өтті. Бейбіт бірінші раундта-ақ дебютант Уолтер Эдвардсты нокаутқа жіберіп, жеңіске қол жеткізді. Екінші қарсыласын да дәл осылай бірінші раундта нокаутқа жіберді. 2008 жылдың наурызында Бейбіт тәжірибелі боксшы Шэннон Миллерді ұпай сандары бойынша ұтып, жеңіске жетті.

Бейбіттің төртінші жекпе-жегі титулдық болды. 12 раундтан тұрған WBC және PABA Interim азияттық атақтары үшін кездесуде ол тәжірибелі боксшы Доннело Виггансқа қарсы шықты. Бұл боксшыны да Бейбіт екінші раундта нокаутпен жеңді.

Бұдан кейінгі жекпе-жегін Бейбіт 12 күннен кейін өткізді және тәжірибелі боксшы Лавелло Финджерді бір минуттың ішінде нокаутқа жіберіп, WBO тұжырымдамасы бойынша азияттық аймақтың атағын еншіледі (26-2).

2008 жылдың тамызында қазақстандық боксшы бұрынғы әлем чемпионы Монтелло Гриффинмен кездесу өткізді. Атақ залының аңызға айналған боксшылары Кіші Рой Джонс пен Джеймс Тони жылдар бойы Монттеллоның «құрбаны» болып келген. Алайда Бейбітті бұл жайт қорқыта қойған жоқ, қайта жігерлендіре түсті және ол еш қиындықсыз зор басымдылықпен Монтеллоны ұтты (49-8-0, 30 KO).

2008 жылдың желтоқсан айында Бейбіт АҚШ-та колумбиялық Эпифанио Мендозоны жеңіп (28-7-1, 24 KO), рейтингтік позицияда серпінді секіріс жасады.

Жойқын жеңістерінен кейін Бейбіт WBC Asian Boxing Council тұжырымдамасы бойынша 2008 жылдың боксшысы атанды.

ЖАРТЫЛАЙ АУЫР САЛМАҚ

2009 жылдың мамырында Шымкент қаласында Бейбіт супер орта салмақта екі мәрте WBA чемпионы Байрон Митчеллді техникалық нокаутпен жеңіп, өзінің бұған дейінгі атақтарын қорғап қалды және жартылай ауыр салмақта ІВА әлем чемпионы атағын иеленді.

2009 жылдың 15-ші тамызында Астана қаласында Бейбіт кәсіби шаршы алаңда 8-0 статистикасымен әлем чемпионы атағы үшін Габриель Кампильомен жекпе-жекке шықты. Төрешілердің басым көпшілігінің шешімімен испандық боксшы жеңіске жетті. Нәтиже дау тудырды, сондықтан ақтық кездесу ұйымдастыруға шешім қабылданған болатын.

2010 жылдың 29-шы қаңтарында  АҚШ-та Бейбіттің Габриельмен екінші кездесуі өтті. Бүкіл 12 раундтың қорытындысы бойынша қазақстандық боксшы жеңісті еншіледі. Осылайша, ол кәсіби шаршы алаңда 10 жекпе-жектен кейін жартылай ауыр салмақта әлем чемпионы атағын жеңіп алған тұңғыш боксшы атанды.

2010 жылдың 23-ші шілдесінде Лемурда Бейбіт тұңғыш рет WBA тұжырымдамасы бойынша жартылай ауыр салмақта әлем чемпионы атағын Вячеслав Узелковтың дәмеленуінен қорғау мақсатында жекпе-жек өткізді. Осы кездесу барысында украиналық боксшы өзінің кәсіби мансабында алғашқы рет жеңіліс тапты.

2011 жылы Бейбітке қазақ мәдениеттін халықаралық аренада дәріптегені үшін ІІІ дәрежелі «Барыс» сыйлығы табысталды. Лауреаттар Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тарапынан іріктелген болатын.

Титулды қорғау мақсатындағы екінші жекпе-жегін боксшы 2011 жылдың 8-ші қаңтарында Шымкент қаласында үш дүркін әлем чемпионы Уильям Джоппиге қарсы өткізді (39-6-2). Ол америкалық боксшыны алтыншы раундтың басында нокаутқа жіберді. Джоппи Бейбіттің кәсіби мансабы барысында жеңген төртінші әлем чемпионы болды.

2011 жылдың 29-шы шілдесінде Лас-Вегас қаласында Бейбіт америкалық Дэнни Сантьягоны нокаутқа жіберіп, ұтты. Бір жыл өткен соң дәл сол шаршы алаңда ол оң иығының жарақатына қарамастан мексикалық Энрике Орнеласты ұпай сандары  бойынша жеңді. Бейбіт жарақаты туралы кездесуге дейін тіс жарып ешкімге айтпаған болатын. Осылайша, Бейбіт Шуменов төртінші мәрте әлем чемпионы атағын қорғап қалды.

2013 жылдың қазан айында Бейбіт Шуменов WBA суперчемпионы болып жарияланды.

2013 жылдың 14 желтоқсанында Бейбіттің Сан-Антониода Showtime Championship Boxing телебағдарламасында алғашқы жекпе-жегі өтті. Үшінші раундта техникалық нокаутпен ол словак боксшысы Тамаша Ковачты ұтты. Жалпы кездесу барысында Бейбіт қарсыласын  әр раунд сайын нокдаунға жіберіп отырды. Бұл қазақстандық боксшының  WBA әлем чемпионы атағын қорғаған бесінші жекпе-жегі болды.

2014 жылдың 19-шы сәуірінде IBF тұжырымдамасы бойынша жартылай ауыр салмақта әлем чемпионы Бернард Хопкинспен өткізген кездесуінде Бейбіт WBA (Super) тұжырымдамасы бойынша өз атағын қорғай алмады. Боксшының айтуынша сәтсіз өнер көрсетуіне машақатты салмақ қуу бірден-бір себеп болған.

Осы жекпе-жектен кейін Бейбіт бірінші ауыр салмаққа өту туралы шешім қабылдады.

БІРІНШІ АУЫР САЛМАҚ

Бірінші ауыр салмақтағы алғашқы жекпе-жегін Бейбіт 13-ші желтоқсанда Лас-Вегас қаласында Амир хан мен Девон Александердің бокс кеші аясында өткізді. Оның қарсыласы болып шаршы алаңғы Кіші Бобби Томас шықты (14(9)-2(2)-1). Бейбіт өзіне мүлдем жаңа салмақ дәрежесіндегі жекпе-жекті өте сенімді өткізді. Шаршы алаңда басымдылық танытып, 5-ші раундта жеңіске жетті. Рефери оған америкалық боксшыны нокаутқа жіберуіне кедергі жасап, жекпе-жекті тоқтатты.

2015 жылдың 25-ші  шілдесінде Лас-Вегасте Бейбіт Би Джей Флореспен кездесуде жеңіске жетіп, бірінші ауыр салмақ дәрежесінде WBA тұжырымдамасы бойынша уақытша әлем чемпионы атағын еншіледі.

Бейбіттің келесі жекпе-жегі 2016 жылдың 21-ші мамырында Лас-Вегасте ауыр салмақта (90,7 келіге дейін) WBA тұжырымдамасы бойынша әлем чемпионы атағы үшін Джуниор Энтони Райтқа қарсы өтті. Жеңімпаз Денис Лебедев пен Виктор Рамирестің біріккен жекпе-жегінің жеңіске жеткен боксшымен кездесуге жолдама алатын. Бейбіт қарсыласын 10-шы раунд барасында техникалық нокаутпен жеңіп, WBA тұрақты чемпионы атанды.

2017 жылдың сәуірінде қазақстандық боксшының Юниер Дортикоспен кездесуі өтуге тиісті еді. Алайда Бейбіт спарринг кезінде көзінен жарақат алып, маусымға дейін қатардан шығып қалды. Әріптесінің қолы Бейбіттің көзіне тиіп кетіп, оның көзінің ішкі тор және мүйізгек қабығына зақым келтірді. Кездесу маусым айында өтпей қалды. WBA  «тұрақты» чемпион белбеуін Дортикосқа табыстады.

Жарақатына байланысты Бейбіт 2017 жылы кәсіби бокстан кететіндігін жариялады. Алайда екі өте сәтті өткен отадан кейін 2018 жылдың қаңтарында боксшы өзінің шаршы алаңға оралатындығын жариялап, жазда кездесу өткізетіндігін жоспарлап отырғандығын айтты.